Posted by: ayabegim | Сәуір 30, 2011

Құрметті оқырман сіз кімсіз?!

Мұхтар Мағауин ата «Мен» атты ғұмыр баяндық хамсасында былай деп жазған екен: «Мен қазақ едім. Және тумысымнан ұлтшыл қазақ едім. Шын ұлтшылдың ең үлкен қасиеті – адамгершілік санадан, өзін-өзі және адам атаулыны сыйлаудан басталса керек. Яғни, мен қазақ ұлтшылы бола тұра, ең алдымен адам едім.» …Осы жолдардан-ақ ерен махаббатпен бар ғұмырын ұлтының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтуге бағыштаған арда жазушы Мағауин атаның биік парасатын пайымдай аламыз… Құрметті оқырман сіз кімсіз?!

Advertisements

«Елігі боп еркелеген» қазақтың күміс көмей әнші, ерке қызы Қарақат Әбілданың біз білмейтін бір қыры, яғни әдетінен мінезіне айналған сүйікті ісі бар екен. Ол – гүл өсіру. «Бұл өлке – біздің өлке» – Алатаудың баурайынан  сары аязы сақылдаған Сарыарқаға қоныс аударғанына бірнеше жылдың жүзі болғаны белгілі. Сол себепті де «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» телефонмен әңгіме айттық, бір жағынан адамға бағынбайды деген уақытты да ұтқандай болдық.

«Гүл,…, бірінші кезекте, әуен» «…гүл — бәрібір, азаттық пен жалғыздықтың жалауы. Азаттықты іздеген жалғыздықтан жеңіледі…», «Кiтап ой ретiнде жалғыздықтың аясында дүниеге келетiн жұмбақ құбылыс, ал гүлдi серiк iздеген жаны нәзiк адам өсiредi. Гүл сезiмдi ой тудырады, кiтап ойдың сезiмiн дамытады», — деп жазады Дидар Амантай «Гүлдер мен кітаптар» романында.

Қол бос уақытта әркім шөліркеген жанының құштарлығының үддесінен шықпақ болып  әр нәрсеге құмартады. Біреулер көз майын тауысып, он саусағы майысып кесте тіксе, біреулер ағаштан түйін түйеді, енді біреулер бұлбұлды төрінде сайратып, құс өсіріп, балық асырайды, кейбіреу ескі тарихи жәдігерлерді жинау арқылы жанының жалауын желбіретсе, екіншілері ою өрнектеу арқылы көңіл құсын қияға сермейді.  Ал, бізідің қызымыз, Қарақат бісіміллә дегенде-ақ,  «бұл, гүл өсіру –  анамнан дарыған дәстүр » деп бастады. Өзінің айтуы бойынша, көзін тырнап ашып, есін білгелі бері анасы гүл өсірумен айналысып келеді екен. Қысы-жазы терезенің алды түрлі-түсті гүлге жайқалып тұрады. Жаңарқаның жанға жайлы саф ауасы мен  құнарлы топырағы гүл өсіруге әбден қолайлы. Терезенің алдында жайқалған жасыл желекті әдемі гүлдерді сол себепті де ерке қыз сәбиінен сүйіп өскен. Анасы бұл қасиетке бұрымы желкілдеген балауса шағынан баулып, тәрбиелесе керек.

Қазіргі уақытта аптасына бір рет арнайы гүл мамандарын шақыртып, гүлдерін тексертіп отырады. Гүлдеріне мейірім шуағын төгіп, жас балаша мәпелейді де. «Олар да «сыйға сый, сыраға бал» деп өз сезімдерін білдіре жауап қатады» дейді. Тіпті өткеннен естелік болып есте қалған бес-алты жыл болған үлкен, әдемі гүлдерін Астананың төріне қоса алып көшіпті. Ал, « Көбінесе қандай гүлдердің түрін көп өсіресіз?» деген сауалыма алғашқы аузына түскен гүлі «ақша шақыратын гүл» болды. Сонымен қатар махаббат гүлі, озалия, кактустың бірнеше түрлерін және атын мен мүлде естіп, көрмеген бірнеше гүлдер тізімін  атады. Ұнататын гүлі ақ-адал махаббаттың нышаны іспеттес болған «махаббат» гүлі екен.

Психологтардың айтуынша, гүлді, әдетте жаны нәзік, көбіне ой шығармашылығымен айналысатын, әдемілікке, сұлулыққа құштар, сырын сыртқа шашпайтын адамдар жақсы көреді. «Өзіңіздің әсем бейнеңіз бен әсем үніңіз осы гүлдің әдемілігімен бір шетінен үндескеннен соң да гүл өсіруге құштармын деп ойламайсыз ба?» деген сауалыма:                                              «Әбден мүмкін. Себебі олар бір бірімен тығыз байланысты дүниелер ғой. Бір жағынан тәрбие, көзбен көру деген нәрсе де бар.Анамыздың сүйікті ісі мені әдемілікке құштарлыққа үйретті, баулыды. Бірінші кезекте сол анамның тәрбиесі. Егер анам ондай болмаған да мен де гүл өсірмес пе едім?!» деп бір сәт өткен «қайран, қайғысыз, қамсыз күндер» елесіне қиялмен сапар шеккендей үнсіз қалды…

«Он алты жасымда болуы керек, «К.Байсейітова» атындағы музыка колледжінде оқып жүргенде өзімнің құрбым, сыныптасым туған күніме кішкентай тірі гүл сыйлаған болатын. Жадымнан шығарған жоқпын…  Менің достарым, туыстарым маған мерекеде, туған күнде қандай гүл сыйлау керегін де біледі. Яғни отырғызылған тірі гүл сыйлайды. Олар мен үшін өте үлкен естелік болып қалады. Біздің үйдегі бір әдемі дәстүр сияқты. Санадан өшпес өткен күндерден маған бір белгі. Гүлдің әдемілігі өз алдына, оның үлкен пайдасы бар ғой ауа тазартып тұрады. Бір жағынан қыз балаларға лайықты іс деуге болады. Нәзіктіктің, тазалықтың, сұлулықтың символы. Гүлді әркімнің өз қолымен егіп, күтіп-баптағаны дұрыс. Шын ықыласыңмен күтіп-баптасаң, ол өскен соң денсаулығыңа, отбасыңа оң әсерін тигізеді. Ал гүлдердің қасында бір сағаттай отырсаң, көңіл күйің көтеріліп, барлық жаман ойдан арылып, көңіліңді сүйсіндіретін, жаныңды жадыратын қасиеті де бар. «Ұрлап өсірген гүл жақсы өседі» деген ырым бар ғой. Жасырғаным емес, менің де жайлап, ақырын үзіп алатын кездерім болған. «Гүл өсіруге көп қазақтың қыры жоқ» деген пікірге айтарым ол жалқаулық пен еріншектік деп ойлаймын. Гүлді жайқалтып өсіріп қойсаң, бәріне де ұнайды. Ал енді оған  күтім, баптау, көңіл бөліп өсіру үшін оған уақыт керек. Жұмысы да көп.Ауыр болып көрінуі мүмкін. Әр адамының не нәрсеге қыры болады ғой, әр нәрсені жақсы көреді. Біреулерге мүлде еріккеннің ермегі болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл менің қуанышым, жақсы көретін ісім.

Кейде Қыдекең ұзақ үйде болмай жатқан кезде әзілдейтінім бар, сен жоқта  «махаббат» гүлі төмен қарап салбырап қалады, келсе қайта құлпырады  деп. Сондықтан гүлдің де тілі бар, сезімі бар.» дейді Қарағандының қарақат көзді қызы.

Тағы бір айта кететіні, Қарақаттың әпкесі, қазақты жанымен сүйетін, қазаққа жүрегімен ғашық Қымбат Әбілда апай да гүл өсіргенді аса ұнататын көрінеді.  «Жұмыс орынында да, үйінде де жасыл құрақты жайқалтып қойып, балаша мәз болады» дейді апамыздың сіңлісі. Қос қарлығашқа бұл қасиет әдемілікке сүйіспеншілігімен қоса қаннан келген қасиет сияқты көрінді маған.

Кез келген адам жаны әдемілікке, әсемдікке ғашық .Ал аяулы қызымыз қазақ әдебиетіндегі әдемі гүл сияқты, әсем шығарма – Әзілхан Нұршайықовтың «Мәңгілік махаббат жыры» деп өзіндік баға берді. Бұл туындыны атау себебі, атамыздың жары болған Халимаға деген өшпес махаббатын ерекше құрметпен, сүйіспеншілікпен баяндап, ақ-адал қосағына деген «мәңгілік махаббатты жырлағаны» үлкен әсер қалдырып, жұмсақ жүрегіне жылы тисе керек…

P.S «Ғашықтың тілі тілсіз тіл» деп Абай атамыз айтпақшы ғашықтардың тілсіз тіліне тіл бітіретін де осы әдемі гүлдер, яғни қуаныштың да, қайғының да тілі гүл…Оқырман қауым, өздеріңіз оқып білгендей араларыңызда Қарақат қызымызға тәнті, өнеріне өріс тілейтін, тілекші-табынушыларыңыз болып жатса, қандай гүл ұнататынын, қандай гүлді сыйлауға болатынын білген шығарсыздар…

 

Posted by: ayabegim | Қазан 8, 2010

Ит үреді,керуен көшеді!

Қазақтың мәртебесі өсіп, мерейі арта бастаса Ерімбетов сияқтылар етектен тартқысы келеді. Өз басым Ерімбетов мырзаның елірмесіне еш келіспеймін! «Дәлелсіз болса бәрі оғат!» деп Шәкәрім бабамыз айтпақтайын, Ерімбетовтың «..Казахский интернет – это почти такой казан-ошак» деген кер тартпа сөзінде ешқандай дәйек те, талғам да жоқ екені көрініп тұр. Құдайға шүкір қазір қазақ интернеті көш ілгері дамыған. Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін кеңінен толғап, ақпаратпен қамьамасыз етіп, халық көңілінен шығып жүрген  «minber.kz», » abai.kz», «neweurasia.net/kazakhstan», «ushkiyan.kz»  сайттары бұған анық мысал бола алады.

Ерімбетовтың елірмесінен ақсап қалатын қазақ интернеті емес! Яғни, ит үреді, керуен көшеді!

Posted by: ayabegim | Қазан 7, 2010

Такси тоқтатқан күн…

Ұлттық кітапханадан шыққан бетім шаршаңқырап, ауық-ауық есінеп қойып 105-ші автобусті күтіп тұрған едім. Кенет «Асхат ағайдың тапсырмасы» деген ой басыма сап ете қалғаны. Періште қақты ғой деп ойладым. Сөйтіп дереу такси тоқтатып, 200 тг-ге ҚАзҰУ-ға тарттық. Отыра салысымен-ақ көзім бірден «no smoking» деген жазуға қадалды. Қызыл түсті екен көз тартарлық. Басқа пәлендей ештеңе назарыма іліне қоймады. Іші соншалықты да таза емес екен.
Ел ағасы боларлықтай жасқа таяп қалған бұл аға өзін Сәкен деп таныстырды. «Сейфуллиннің» құрметіне шешесі қойған екен. Мұның өзін әзер сұрап алдым «қамырдан қыл суырғандай». Радиодан белгісіз бас ауыртар бір музыка дыңылдап тұр.
– Қазақ радиосын тыңдайсыз ба?
– Обязательно! Деді де сол арнаға ауыстырды. Мейрамбектің керімсалдай қоңыр үні машина ішін тербете жайлап алды.
– Үнемі таксист боп күні-түні жұмыс жасайсыз ба?
– Жоқ, жұмыстан тыс уақытта.
– Жалақыңыз өзіңізді қанағаттандырама?
– Жоға, жетпейд. Жетсе неменеге таксист боп жүр дейсің!
Мәсаған, енді не сұрақ қоямын деп ойлап отырмын. Отырып-отырып: Қоғамдағы болып жатқан жайттарға, мәселелерге көңіліңіз толама?! Қабағын түйе, басын бір сипап алып, мұрнын тыржитты:
– Жоқ толмайды!
– Неге? Не себепті?
– Халықтың жағдайы нашар болса, қазына-байлығымыз шетке өзімізге бұйырмай кетіп жатса қалай толсын?!
– Сонда оған кім кінәлі болып отыр? Майлы, дөңгелек кішкене көздерін маған төңкере қарады, алдына жандайшап отырғандай сезініп қалды ма деп ойладым.
– Басшылық кінәлі! Үкімет кінәлі! Енді басқа кім болады?! Бәрі сатылып жатса… Қоғамның сиқы мынау.
– Бірақ бұрнағыға қарағанда шүкір сияқты ғой?!
– Қалай шүкір! Біз артқа , өткенге емес болашаққа қарауымыз керек!!!,- деп тоқ еткізді. Әңгімеміз одан әрі жалғаспайтын сияқты көрінді. Ішіснен бұртыңдап отырмын: » Бар деп айтса бар болады да. Жоқ дегеннен өзге сөз білмейтін дей. Жоқ десең жоғаласың әрине!». Сөйткенше межелі жерге жетіп те қалыппыз. Уағдалы кесімді қолына ұстаттым. «Жұмысыңыз табысыты болсын!»,- деп кете бардым….

Posted by: ayabegim | Қазан 7, 2010

Аябегімнің блогы

Бисмиләһир ир рахман ир рахим!

Арма қазақ елі!

Менің тұсауым кесілді. Блог аштым!

«Пірлердің бітсе демінен, Шілтеннің тиіп шылауы,» демекші  Асхат Еркімбайұлының тәй-тәйімен ашқан блогым қаз-қаз басып, ұлтымның үддесінен шығып, халқымның бір кәдесіне жараса деймін бір Алла қолдап…

Қатарлас достарым, сендерге де сәттілік тілеймін. Қазағымыздың қадамын қарыштап алға басуына өз үлесімізді қосайық!

Мединеде Мұхаммед,Маңғыстауда пір Бекет, Түркістанда Қожа Ахмет! Ия, Жаббар ием, осы құлдарыңның құрметіне тілегімізді қабыл ет! Әумин!

Posted by: ayabegim | Қазан 2, 2010

Hello world!

Welcome to WordPress.com. This is your first post. Edit or delete it and start blogging!

Санаттар